«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Hydrosat S.à r.l. Орталық Азияның су ресурстарын мониторингтеуге арналған спутниктік технологияларды дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
Халықаралық SPACE DAYS KAZAKHSTAN-2026 форумы аясында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Hydrosat S.à r.l. компаниясы Орталық Азия үшін жылулық инфрақызыл диапазондағы (TIR) спутниктік топтаманың тұжырымдамасын бірлесіп пысықтауға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайыржан Қожаев және Hydrosat S.à r.l. компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фоссел қол қойды.
Меморандум Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарын, ауыл шаруашылығы алқаптарын, климаттық және экологиялық процестерді мониторингтеу мен талдау мақсатында жылулық спутниктік деректерді қолдану саласындағы одан әрі ынтымақтастыққа негіз қалайды.
Ынтымақтастық аясында тараптар жылулық инфрақызыл аппаратурамен жабдықталған спутниктік топтаманы құрудың техникалық, ұйымдастырушылық және қаржылық аспектілерін пысықтайды, сондай-ақ өзара іс-қимылдың қосымша мүмкіндіктерін айқындайды.
Жылулық инфрақызыл түсірілім жер бетінің температуралық сипаттамалары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді және дәстүрлі оптикалық түсірілім деректерін толықтырады. Мұндай деректер өсімдіктердің су тапшылығын, булану және эвапотранспирация деңгейін, ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйін, су ресурстарын пайдалану тиімділігін бағалау, сондай-ақ климаттық және экологиялық өзгерістерді мониторингтеу үшін қолданылуы мүмкін.
«Қазақстан үшін су ресурстарын ұтымды пайдалану және оларды мониторингтеудің заманауи технологияларын енгізу стратегиялық маңызға ие. Hydrosat S.à r.l. компаниясымен серіктестік жылулық спутниктік деректерді қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашады және Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің қажеттіліктеріне бағдарланған болашақ спутниктік топтаманың тұжырымдамалық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайыржан Қожаев.
Тараптардың ынтымақтастығы Қазақстанда су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы мониторингі саласында спутниктік деректерді қолдану жөніндегі жұмыстың жалғасы болып табылады. TIR-мониторинг мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеу табиғи ресурстардың жай-күйін бағалауға және шешімдер қабылдауды қолдауға арналған қосымша құралдарды дамытуға бағытталған.
«Су қауіпсіздігі Орталық Азияның тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналуда. Үкіметтер мен салаларға су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруіне бейімделу салаларында шешімдер қабылдау үшін уақтылы әрі сенімді деректер қажет. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен бірлесіп, осы міндеттерді шешуге қажетті қосымша деректермен қамтамасыз ете алатын мамандандырылған жылулық бейнелеу спутниктік топтамасын дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз», - деді Hydrosat компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фоссел.
Меморандумға қол қою Қазақстанның ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтан зондтау саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды элементтерінің бірі болды. SPACE DAYS KAZAKHSTAN-2026 форумы аясында су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және трансшекаралық бассейндерді тұрақты басқару үшін спутниктік деректерді қолдануға арналған арнайы секция да қарастырылған.
2026 жылғы маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға сапары барысында тараптар су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы салаларындағы спутниктік аналитиканы дамытуға бағытталған бірлескен қызмет туралы келісім жасасты. Жаңа Меморандум ынтымақтастық бағыттарын кеңейтіп, TIR спутниктік топтамасының тұжырымдамасын одан әрі пысықтауға негіз қалыптастырады.
Мамандандырылған спутниктік мүмкіндіктерді дамыту Жерді бақылау саласындағы өңірлік әлеуетті нығайтуға және су және азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, экологиялық мониторинг және табиғи ресурстарды тұрақты басқаруға байланысты міндеттерді шешуге қажетті қосымша деректермен қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін.
Анықтама
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ – Жерді қашықтан зондтау, ғарыштық геодезия және навигация салаларында қызмет атқаратын Қазақстанның ұлттық ғарыш компаниясы.
Hydrosat S.à r.l. – жылулық спутниктік аналитика саласындағы жетекші компания. Компания мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарға инфрақызыл спутниктік деректер мен аналитикалық шешімдерді пайдалана отырып, қоршаған ортадағы физикалық процестерді мониторингтеуге мүмкіндік береді. Өзінің жылулық спутниктік деректерін, жасанды интеллект негізіндегі модельдерді және деректерді ұсынудың бұлтты платформаларын біріктіре отырып, Hydrosat жер бетінің температурасы туралы ақпаратты ресурстарды басқару, қауіпсіздік және климаттың өзгеруі салаларындағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған практикалық шешімдерге айналдырады.
Hydrosat шешімдері су тапшылығы мен су стрессін бағалау, ауыл шаруашылығы өндірісін оңтайландыру, экологиялық және өнеркәсіптік жағдайларды мониторингтеу, сондай-ақ стратегиялық мемлекеттік міндеттерді қолдау үшін қолданылады. Компания ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны мониторингтеу, қорғаныс және қауіпсіздік, сондай-ақ климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру салаларындағы тапсырыс берушілермен жұмыс істейді.