Қазақстандық оқушылар алғаш рет өз спутнигін SpaceX зымыранымен ғарышқа ұшырды
2026 жылғы 1 қазанда Астана қаласының Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әзірлеген NIS PocketQube пикоспутнигі Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен ғарышқа ұшырылды. Зымыран Калифорниядағы АҚШ Ғарыш күштерінің Ванденберг базасынан ұшты.
NIS PocketQube спутнигінің орбитаға шығарылуы оқушыларды, педагогтерді және Қазақстан мен шетелдердің ғарыш саласы мамандарын біріктірген көпжылдық білім беру және инженерлік жобаның нәтижесі болды.
Жоба оқушыларға ғарыш миссиясына тікелей қатысуға, шағын спутникті дайындау барысымен танысуға, оның ұшырылуын бақылауға және алдағы уақытта орбитадан телеметриялық деректер қабылдауға мүмкіндік береді.
Жоба бойынша жұмыс 2019 жылы оқушыларға ғарыштық технологияларды теория жүзінде ғана меңгеріп қоймай, нақты ғарыш аппаратын жасауға қатысуға мүмкіндік беретін білім беру ортасын құру идеясынан басталды. Жобаны іске асырудың белсенді кезеңі 2020 жылы мектепте «NIS Space» ғарыш зертханасы құрылып, 7-10-сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» арнайы курсы ашылған кезде басталды.
NIS PocketQube - PocketQube форматындағы аса шағын спутник. Оның өлшемдері 5×5×5 сантиметр, ал массасы 250 грамм. Шағын көлеміне қарамастан, аппарат борттық басқару, электрмен қоректендіру және радиобайланыс жүйелерімен, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған.
Жобаны іске асыру барысында NIS PocketQube командасының жұмысына мектептің 17 оқушысы қатысты. Олардың бір бөлігі бүгінде NIS түлектері атанған.
Олар спутникті 3D-модельдеумен айналысты, жабдықтың орналасуын есептеді, электрондық платалармен және SMD-компоненттермен жұмыс істеді, микроконтроллерлерді бағдарламалады, Python тілінде деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірледі және аппаратты жерүсті сынақтарына дайындауға қатысты.
Бірнеше жыл ішінде команда шағын ғарыш аппаратын жасаудың бүкіл дерлік циклінен өтті: алғашқы сызбалар мен прототиптерді әзірлеуден бастап сынақтар жүргізуге және ұшу моделін ұшыруға дайындауға дейін. 2022 жылғы желтоқсанда аппарат Ұлттық ғарыш орталығының базасында жерүсті термовакуумдық және механикалық сынақтардан өтті.
Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшілігінің қолдауымен грек компаниясымен бірлесіп ұшу моделін түпкілікті дайындау, қажетті тексерулер жүргізу және спутникті UARX компаниясының ұшыру контейнеріне орналастыру жұмыстары жүргізілді.Жобаны іске асыруға «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы АҚ мен «Ғалам» ЖШС мамандары да қатысты. Бірлескен жобаға Оралбек Бидайбеков пен Манар Досова жетекшілік етті. Білім беру бағдарламасын әзірлеуге және жобаның инженерлік бөлігіне Арман Сыздықов, Қанат Саханов және Қазбек Бақтыбеков қатысты.
Жоба аясында серіктестер Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылдағыш, антенна және компьютерлік жабдықтардан тұратын қабылдау станциясын (RX-станция) сыйға тартты. Қазақстандағы алғашқы осындай станция мектеп аумағына орнатуға және SatNOGS желісі арқылы телеметриялық деректерді қабылдауға арналған.
Спутниктен алынған деректерді оқушылардың физика, астрономия, бағдарламалау және инженерлік пәндер бойынша зерттеу жобаларында пайдалану жоспарланып отыр. Ақпаратты қабылдау және өңдеу үшін жерүсті кешені орнатылады. Бұл кешен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі оқушылардың спутниктік деректерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, мектептің NIS Space ғарыш зертханасы болашақ инженер-конструкторлардың, электроника мен борттық бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілердің, спутниктік байланыс, робототехника және деректерді талдау мамандарының құзыреттерін дамыту алаңына айналды.