«Қазақстан Ғарыш Сапары» PHEDCS 2026 ғылыми конференциясына қатысты
2026 жылғы 21–23 қазанда Алматыда Жерді қашықтан зондтау және кеңістіктік мониторинг технологияларын дамыту мәселелеріне арналған ISPRS «Geospatial Technologies, Photogrammetry and Remote Sensing» семинары аясында PHEDCS 2026 ғылыми іс-шарасы өтті.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ қызметкерлері конференцияға қатысып, Қазақстан жағдайында ауыл шаруашылығы дақылдарының су күйі мен өнімділігінің спутниктік мониторингі әдістемесін бейімдеу және верификациялау бойынша Hydrosat компаниясымен бірлескен зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Кеңістіктік аналитика департаментінің директоры Анель Ислямова «Қазақстан Республикасы жағдайында жер бетінің энергетикалық балансы моделі негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының су күйі мен өнімділігінің спутниктік мониторингі әдістемесін бейімдеу және верификациялау» тақырыбында баяндама жасады.
Зерттеу Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жалпы ауданы 196,5 га болатын 24 суармалы алқапты қамтыған 2026 жылғы пилоттық жобаның нәтижелеріне негізделген. Пилоттық жоба аясында спутниктік деректер мен жерүсті өлшеулерін пайдалана отырып, эвапотранспирацияны, егістіктің жай-күйін, топырақ ылғалдылығын және өсімдіктердің су стрессін мониторингтеуде спутниктік технологиялардың мүмкіндіктері бағаланды.
Ғылыми конференцияға қатысу пилоттық жобаның нәтижелерін кәсіби ғылыми қоғамдастыққа таныстырудың және Жерді қашықтан зондтау, ауыл шаруашылығының спутниктік мониторингі мен су ресурстарын ұтымды пайдалану саласында тәжірибе алмасудың маңызды кезеңі болды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы өзекті міндеттерді шешу үшін ғарыштық мониторинг технологияларын дамытуды және спутниктік деректерді өңдеу мен талдаудың отандық әдістемелерін жетілдіруді жалғастыруда.