Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшқанына 5 жыл!

Баспасөз хабарламасы
Айдын Айымбетов.jpg


5 жыл бұрын, 2015 жылғы 2-ші қыркүйекте ел тарихында атаулы оқиға орын алды. Қазақстан Республикасының өкілі, әскери ұшқыш Айдын Айымбетов ғарышқа ұшып, қазақтан шыққан үшінші ғарышкер атанды.

«Союз ТМА - 18М» басқарылатын ғарыштық кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан Елорда уақытымен сағат 22:37 минут өткенде аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, №1 бортинженері Сергей Волков, Дания Корольдігінің астронавты Андреас Могенсен және №2 бортинженері Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов болды.

Қазақстандық ғарышкердің мәртебесі Қазғарыштың табандылығының арқасында өзгерткенділігін айта кеткен жөн. Себебі алдымен Айымбетов ашық кеңістікке қатысушы ретінде ұшады деп жоспарланған еді, алайда ұшатын уақыт таяғанда оның мәртебесі біліктілігіне сәйкес, «бортинженер-2» деп өзгертілді.

10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді.

Жалпы ғарыштық зерттеу бағдарламасы 10 ғылыми тапсырманы құрды, оның ішінде Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу және «Дастархан-6» деп аталынған ұлттық тағам өнімдерінің ғарыштағы пайдалы қасиеттерін зертеу болды.

Ғарыштық сапар сәтті аяқталып, физикалық оңалғаннан кейін Айдын Ақанұлы Қазғарыштағы қызметіне қайта оралды. Ол жерде қазақ ғарышкері ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының кеңесшісі лауазымында болған еді.

2016 жылғы 5-ші қаңтарда ҚР ұшқыш-ғарышкері, ҚР Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті лауазымына тағайындалды. Осы уақытқа дейін ол алдына жаңа ғарыштық технологиялар құру тапсырмасы қойылған аталған компанияда еңбектеніп келеді. Бүгінде А. Айымбетов жоғары дәлдікті жерсеріктік навигация жүйесін дамыту, компания бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ, ғарыш аппараттарын құрастыру – сынау кешенінің құрылысын аяқтау бағыттары бойынша Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаруда.
 
Айымбетов.jpg


«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ұжымы Айдын Ақанұлы Айымбетовті ғарышқа ұшуына 5 жыл толған атаулы күнімен құттықтай отырып, Қазақстанның ғарыш саласын құру бойынша алға қойылған жоспарларды жүзеге асыруда жаңа жетістіктер мен сәттілік тілейді!