"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК"АҚ пайдалы модельге арналған патент иесі атанды

Өздеріңізге "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ "Өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру орындарын мониторингілеу тәсілі" бойынша пайдалы модельге арналған патентке ие болғанын қуана хабарлаймыз! Осы салада еңбек етіп келе жатқан білікті мамандарымызға алғыс білдіреміз!

патент (1).jpg

(Пайдалы модельге берілген №5592 Патент)

Мәселе. Ғалымдар қазіргі таңдағы әртүрлі қалдықтардың шамадан тыс көбеюі үлкен экологиялық дағдарысқа әкеледі деп дабыл қағуда. Осы мәселені шешу жолында өндіріс және тұтыну қалдықтарын дұрыс пайдалану мен жою әрекеттері жоғары маңызға ие болып отыр. Соның ішінде, қалдықтардың белгіленген аймақтан тыс заңсыз орналастырылуын болдырмас үшін айрықша заманауи тәсілдерді қолдану қажеттілігі туындады. Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір оңтайлы жолы - қоқыс қалдықтарының орналасуын жіті бақылап, жергілікті жауапты органдармен бірлесе жылдам әрекет ету. Ал уақыт және қаржылық шығындары аз, әрі ақпаратты нақты және ауқымды мөлшерде көрсететін әдіс дәл осы Жерді қашықтан зондтау арқылы алынатын деректерді пайдалану болып табылады.

Шешім. Осы бағыттағы бірегей жобалардың бірін "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ жүзеге асырып, жақсы нәтижелерге жету жолында нық қадам басып келеді. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің қолдауымен және Жайсаңбай Әсем Серікбайқызының (бүгінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік қалдықтарды басқару саясаты департаментінің қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру бөлімінің бастығы) бастауымен пилоттық жоба ретінде Астана (қазір Нұр-Сұлтан) қаласы аумағындағы өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру орындарының ғарыштық мониторингі жүргізілген болатын. Жоба нәтижесінің сәтті болуына орай аталған мониторингтеуді Қазақстанның барлық аумағына жасау жоспарланып, 2018 жылдан бастап негізгі үш бағыт бойынша іске асырыла бастады. Олар: қалдықты орналастыру орындарының мониторингі, рұқсат етілмеген қоқыс орындары мониторингі және жалпы қоқыс орындары шекарасының өзгеру динамикасы мониторингі.

патент1 (1).jpg

("Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ Кеңістіктік деректер департаментінің Экология және қауіпсіздік басқармасы Экология және жер қойнауын пайдалану бөлімінің "Тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды ғарыштан мониторингтеу" жобасы командасы)

Сандар. Аумақтық экология департаменттерінің деректеріне сүйенсек, 2019 жылғы мониторинг нәтижесі бойынша 9229 заңсыз төгілген қалдық алаңдары анықталып, оның 2619-ы тазаланған болатын. Дәл сол дереккөз ақпаратының 2020 жылғы ғарыштық мониторингі бойынша 8884 заңсыз қалдық орны табылып, 7370-і тазартылды. Биылғы мониторинг Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент секілді республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын және кішігірім қалаларды қоса алғанда 23 аймақта қала шекарасынан 40-50 км радиустағы қашықтық аумағында жүргізілді.

патент62.jpg.png
 
(Кеңістіктік жоғары сапалы жерсеріктік суреттердегі векторлық деректердің жіктелуі)

Геоқызмет. Мониторинг нәтижесін тиісті орындарға көрсету және онымен жұмыс істеуді ыңғайлы ету мақсатында геоқызмет және геоқызметпен жұмыс істеуге бақытталған мобильді қосымшалар секілді арнайы геоақпарттық ресурстар жасалған болатын. Аталған геоқызметте мемлекеттік ұйымдарға қалдық орындары туралы мониторингтік ақпарат беретін картасы бар веб-сайт ұсынылған.

патент3.jpg (1).png

(Экологиялық заңбұзушылықтарды анықтауға арналған "Oko KZ" атты мобильдік қосымшасы)

Жеке тіркеуді қажет етпейтін «Oko KZ» мобильдік қосымшасы қатты тұрмыстық қалдықтарды, заңсыз төгілген өзге де қалдықтар аумақтарын, өрт және заңсыз ағаш кесу фактілерін анықтау мақсатында қызмет етеді. Қазақстанның барлық еріктілері бұл қосымшаны қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу үшін тегін түрде пайдалана алады. Бүгінде оны PlayMarket дүкенінен (жуырда AppStore дүкеніне шығады) жүктеп алуға, ал геоқызметті http://oko.gharysh.kz/ сілтемесі арқылы бақылауға болады.

патент4 (1).jpg

("Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ Кеңістіктік деректер департаментінің Экология және қауіпсіздік басқармасы геоқызметпен жұмыс барысында)

Ғарыштық мониторинг бойынша алынған мәліметтер Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ҚР ЭГТРМ) Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде талданып, аумақтық экология департаменттері арқылы қалдық орындарын тазалау жұмыстары атқарылады.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК"АҚ мамандары тек қана ғарыштық мониторинг жүргізіп қана қоймай, аумақтық экология департаменттерімен бейне-конференциялар арқылы байланысып, жергілікті мамандар үшін мониторинг нәтижелерін тиімді қолдану бойынша шеберлік сағаттары мен түсіндірме жұмыстарын ұдайы ұйымдастырып келеді.

патент5 (1).jpg
 
патент6 (1).jpg

(ҚР ЭГТР министрінің Алғыс хат тапсыру салтанатты жиынында)

Жетістік. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Күніне орай ҚР ЭГТР вице-министрі Пірімқұлов Ахметжан Әбдіжәмілұлының бастамасымен салтанатты жиын өтіп, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ Кеңістіктік деректер департаментінің Экология және қауіпсіздік басқармасы бастығы Маханов Азамат Умирбекович пен "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ Кеңістіктік деректер департаментінің Экология және қауіпсіздік басқармасы Экология және жер қойнауын пайдалану бөлімінің бастығы Шаймерденов Жасыбай Курмангазиевичке ҚР ЭГТР министрі Мырзағалиев Мағзұм Маратұлының атынан Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайын жақсартуға қосқан зор үлестері үшін Алғыс хаттар тапсырылды.

Жоспар. Қазіргі уақытта ҚР ЭГТРМ тарапымен мониторинг аймақтарының санын 2021 жылы 23-тен 35-ке дейін (оның ішінде ұлттық саябақтар мен шағын қалалар бар) арттырудың техникалық сипаттамалары талқылануда. Сонымен қатар, экологиялық реттеу және бақылау комитеті бақылау аймақтарындағы кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз алу әрекеттерін анықтау үшін қатты тұрмыстық қалдықтардағыдай ғарыштық мониторингтеу тәсілдерін қолдану жөнінде өз қызығушылықтарын танытып отыр.