"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ ғарышкер Тоқтар Әубәкіровті 75 жас мерейтойымен құттықтайды

unnamed (1) (1).jpg
 

Бүгін, 27 шілдеде Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров өзінің 75 жас мерейтойын атап өтуде. Қазақстан ғарышының тарихы оның есімімен байланысты. Тоқтар Әубәкіров – КСРО ғарышкері, қазақ ұлтының тұңғыш ғарышкері, Қазақстан ӘӘК генерал-майоры.
Кәсіби қызмет жолында Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаты, Қызылорда облысының № 44 сайлау округінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Ерен еңбегі үшін Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, КСРО еңбек сіңірген сынақ-ұшқышы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілген.
Т.Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының 1 мамыр ауылында дүниеге келген.
Орта мектептің 8 сыныбын бітіріп, Теміртау құю-механикалық зауытында токарь болып жұмыс істеді, сонымен қатар кешкі мектепте оқыды. 1965 жылы орта мектепті бітіріп, Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түседі. 1976 жылы сынаушы-ұшқыштар мектебін бітіріп, Ұлан-Удэ авиазаводында сынақ жұмысына жіберілді. 1979 жылы Серго Орджоникидзе атындағы Мәскеу авиациялық институтын бітірген.
1976-1991 жылдары - Микоян атындағы ЕКБ сынаушы-ұшқышы. Жұмыс барысында ол 50-ден астам ұшақ түрлерін игерді. Ол Қырымда кеме негізіндегі ұшақтар тақырыбында жұмыс істеді. КСРО - да бірінші болып Солтүстік полюс аймағына және ауада екі жанармай құюмен тұрақты рейс жасады. 1989 жылдың 1 қарашасында "Тбилиси" ауыр авиатасымалдаушы крейсерінің палубасынан отандық авиация тарихындағы алғашқы жойғыш ұшағы (МиГ-29к) қонды.

ауб (1).jpg
70025105_859804011082554_8670491742453634775_n.jpg
Аубакиров.jpg


КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 31 қазандағы Жарлығымен жаңа авиациялық техниканы сынау кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Тоқтар Оңғарабайұлына Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен "Алтын жұлдыз" медалі табысталды.
1990 жылы 6 қарашада КСРО еңбек сіңірген сынақ ұшқышы атағына ие болды.
1991 жылы КСРО мен Қазақ КСР үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау Орталығында жаттығуға кірісті.
1991 жылдың 2 қазанында экипаж командирі Александр Волковпен және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге "Союз ТМ-13" ғарыш кемесін зерттеуші ғарышкер ретінде ғарышқа аттанды. Бір апта бойы "Мир" орбиталық кешенінің бортында жұмыс істеді. Ғарышта болу ұзақтығы 7 күн 22 сағат 13 минутты құрады.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ ұжымы Тоқтар Оңғарбайұлын 75 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! Ол кісіге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасы амандығын, істеріне табыс және тіршіліктегі бар игіліктерді тілейміз!