Қазақстан мен Нигерия спутниктік технологиялар бойынша инвестициялық келісімге қол қойды
2025 жылдың 29 шілде күні «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Нигерияның Suburban Broadband Limited компаниясы айыру қабілеті жоғары Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін әзірлеу және енгізу бойынша инвестициялық келісімге қол қойды. Құжат қазақстандық спутниктік жүйенің экспортын және цифрлық шешімдерді, мамандарды оқытуды және техникалық қолдауды қамтитын кешенді әріптестікті дамытуды көздейді.
Қол қою рәсімі ҚР Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуімен және «Нигерия – Қазақстан» іскерлік кеңесінің қолдауымен Катар Мемлекетінде өтті.
Аталған келісім ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстар мониторингі, ауыл шаруашылығы, экология және урбанистика салаларында ғарыштық технологияларды қолдануды кеңейтуге бағытталған. Жобаның мақсаты – Жер бетін жоғары дәлдікпен және жедел бақылауға қабілетті заманауи спутниктік платформаны құру.
Екіжақты ынтымақтастықтың негізі 2025 жылдың ақпан айындағы Қазақстан Республикасы делегациясының Федеративтік Нигерия Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары барысында қаланды. Сапар аясында ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері бойынша алдын ала келіссөздер жүргізілді. Кейіннен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ мен Suburban Broadband Limited компаниясы Абуджа қаласында өткен Қазақстан-Нигерия бизнес-конференциясы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Федеративтік Нигерия Республикасымен жасалған келісім – Қазақстанның ғарыш технологияларын дамытудағы үшінші халықаралық инвестициялық жобасы. Бұған дейін Қазақстан Моңғолия және Конго Республикасымен экспорттық келісімдерге қол қойған болатын.
Осылайша, Нигерия Қазақстан бастамашы болған халықаралық спутниктік топқа қосылып, деректер алмасу, талдау жүргізу және ғарыш саласындағы инновациялық әзірлемелерді дамыту бағыттарында кең ауқымды ынтымақтастықтың берік негізін қалады.