Сербия Республикасының делегациясы Ұлттық ғарыш орталығында болды
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Астана қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығында Сербия Республикасының делегациясын қабылдады. Сапар халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ғарыш саласындағы әріптестік байланыстарды нығайту шеңберінде өтті.
Сербия Республикасы Үкіметі жанындағы Халықаралық экономикалық қатынастар министрі Ненад Попович бастаған делегацияны ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму Вице-министрі Мәлік Олжабеков алып жүрді.
Сапар барысында қонақтарға Ұлттық ғарыш орталығының инфрақұрылымы мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды. Оның ішінде спутниктік жүйелерді басқару, геокеңістіктік деректерді өңдеу, геоақпараттық сервистерді дамыту және ғарыш технологиялары саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері қамтылды. Делегация сондай-ақ арнайы конструкторлық-технологиялық бюроның және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысты. Экскурсияны «Ghalam» ЖШС Бас директоры Бауыржан Алматов өткізді.
Кездесу барысында тараптар аэроғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, оның ішінде технологиялық өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.