Руанда Республикасының Қорғаныс университеті делегациясы Ұлттық ғарыш орталығында
2026 жылғы 13 ақпанда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Ұлттық ғарыш орталығына Руанда Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қорғаныс университеті тыңдаушыларының делегациясы бригадалық генерал Эндрю Ньямвумба бастаған құрамда сапармен келді.
Сапар барысында қонақтарға компанияның ғарыштық технологиялар саласындағы негізгі қызмет бағыттары, соның ішінде Жерді қашықтықтан зондтау мүмкіндіктері, сондай-ақ Құрастыру-сынақ кешені мен Арнайы конструкторлық-технологиялық бюроның өндірістік әлеуеті таныстырылды. Делегация мүшелері үшін экскурсия және Қазақстанның ғарыш саласының дамуына, сондай-ақ оның қорғаныс пен қауіпсіздік мүдделерінде қолданылуына арналған тақырыптық презентациялар ұйымдастырылды.
Кездесу әскери-техникалық және әскери-ғылыми ынтымақтастық аясында өтіп, ғарыштық технологиялар саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталды.