Жерді басып алу мен пайдаланылмай жатқан жер учаскелеріне ғарыштық мониторинг жүргізу

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының елді мекендері аумағында жерді өз бетінше басып алуға ғарыштық мониторинг жүргізеді.


2 (118).png

2023 жылы мониторинг аймағы 45 мың шаршы шақырымды құрайтын 22 қаланың аумағын қамтиды. Бұзушылықтар кадастрлық мәліметтерді елді мекендердің ағымдағы спутниктік суреттерімен салыстыру және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі Республикалық кадастрлық деректер базасына енгізілмеген тіркелген жер учаскелерінің шекарасынан «шығатын» ғимараттарды/құрылыстарды картаға түсіру арқылы анықталады.

Атап айтқанда, басып алынған жерлер оған адамдар тұрып жатқан ғимараттар салынғаннан кейін ғана анықталады.

Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының мәліметінше, Қазақстанда жерді рұқсатсыз басып алудың негізгі себептері: бұрын басып алынған жерлерді заңдастыру; мемлекеттік жерлерді үшінші тұлғаларға сату бойынша алаяқтық әрекеттер және т.б.

2023 жылғы ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша 22 қала аумағындағы тіркелмеген жер телімдерінің жалпы саны 296 мыңнан астам.

Тұрақты ғарыштық мониторинг объектілер құрылысының барысын бақылауға, ұзақ мерзімді құрылыс нысандарын, пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтауға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының 22 қаласының аумағында пайдаланылмай жатқан коммерциялық жер телімдеріне ғарыштық мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 4351 гектарды құрайтын 2154 учаске анықталды.

Жұмыс нәтижелері тексеру және заңнамада көзделген шараларды қабылдау бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін https://geokgs.gharysh.kz салалық геосервисі арқылы Бас прокуратураға жіберіледі.


* Жерді басып алу – жеке немесе мемлекеттік жерді пайдалануға тиісті рұқсаттар мен құжаттарсыз заңсыз иелену. Бұл ауылшаруашылық жерлерінде, сондай-ақ игеруге немесе өнеркәсіптік пайдалануға арналған жерлерде болуы мүмкін. Жерді басып алу қылмыс болып табылады және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.


«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК»АҚ
баспасөз қызметі